07.04.2014

Әлем спортшыларын техникамен байытқан грек-рим күресі туралы



Грек-рим немесе классикалық күрестің бұлай аталуына, оның байырғы заманда, Жерорта теңізі мемлекеттерінің гүлденген дәуірінде пайда болуы себеп болған. Бірақ, бертін келе, біздің заманда, бұл күрес француздардың арқасында 19 ғасырда ортамызға оралған. Және дүниенің төрт бұрышындағы спортшылардың және жаттықтырушыларының күш-жігерлерінің арқасында бұл күрес бүгінгі қалпына ие болған.
Мысалы, француздар грек-рим күресіне арқалай лақтырудың түрлі әдіс-амалдарын қосса, финдер «жартылай суплес» техникасымен толықтырған. Оған қоса, дәл осы финдердің арқасында грек-рим күресінде партердегі амал-тәсілдер пайда болған. «Фин құлпы» деп аталатын техниканы білмейтін балуан жоқ шығар?!
Ал түрік балуандары грек-рим күресіне парсылардың ұлттық күресі – коштидің элементтерін қосқан. Грек-рим күресін байытқандардың қатарында Кеңес Одағының да чемпиондары бар. КСРО балуандары - «диірмен» деп аталған техниканың авторлары.
Грек-рим күресінде барлық айла-тәсілдер белден жоғары немесе партерде жасалады, және көріп отырғандай, жаңа нәрселер ойлап табуға мүмкіндік мол. Ең бастысы талпыныс және спорттық дарын болса болғаны!
Еркін күрес бүгінгі рестлингтің «атасы»
Грек-рим күресіне қарағанда, айла-тәсіл жасау мүмкіндігі шектелмеген еркін күрес Англияда пайда болған. Бірақ, кейіннен Құрама Штаттарға жетіп, сонда жақсы танылған, содан кейін барып дүниежүзіне таралған. Оған, еркін күрестің о баста спорттық жарыстан гөрі, үлкен шоуға ұқсағаны себеп болса керек.
19 және 20 ғасырлардың шегінде Америкадағы жағдай мазасыздау болды. Бітпейтін жәрмеңкелерде балуандар көрермендердің қанын қыздыру үшін қатыгездікке толы қойылымдар көрсететін. Ол кездегі еркін күрестің техникасы жанға бататын айла-тәсілдерден тұрған, ол әдістердің кез-келгені бүгінде төрешілердің «шашын» ағартқан болар еді.
Бірақ, көрермендердің көзайымына айналған кәсіпқой балуандар өзін де, қарсыластарын жарақаттауды мақсат еткен емес. Олар жекпе-жекті театрландырылған ойын-сауыққа, шоуға айналдыратын, қарсыластар бір-бірінің қолдарын бұрап, «жандарын көздеріне көрсететін», бірақ әрқашан қауіпсіздікті сақтайтын. Халық да риза, ал балуандар келесі күні де жекпе-жекке қайта шыға алатын.
Біртіндеп еркін күрес өз ережесі бар спорт түрінде қалыптасты. Ал оның орнына бүгінгі танымал рестлинг келді. Бұл жекпе-жектің спорттан гөрі, театрландырылған қойылымға ұқсайтыны сіз бен бізге құпия емес!

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Пікір