02.07.2014

Белгілі кітап атауының белгісіз тұстары (Гиннесстің рекордтар кітабы)



Гиннестің рекордтар кітабы. Жыл сайын әлемде болып жатқан барлық рекордтар тіркеліп, кітап болып шығатын бұл жинақты білмейтін адам кемде-кем шығар. Бірақ, кітаптың неліктен "Гиннестің рекордтар кітабы" деп аталғанын, Гиннес дегеннің кім екенін көпшілік біле бермейді.

1752 жылы ирландтық Прайс есімді архиепископ өмірден өтіп, мұраға қалдырған 100 фунт немересі Артурға қалады. 27 жастағы жас жігіт өзіне тиген қаржыны бір пайдаға жаратпақ болып, 1755 жылы Дублин қаласынан 17 шақырым жердегі Лейксип елдімекеніндегі сыра қайнататын шағын зауыт орналасқан 4 акр жерді, жылына 45 фунт төлеп тұруға келісіп, жалға алады. Артур зауытта сыра қайнатумен айналысып, оны өзінің есімімен "Гиннесс" деп атайды.

Кәсібі жүріп, тасы өрге домалаған Артур 1759 жылы барша әлемге "Гиннесс" деп аталатын сыра маркасын өндіретін "Artur Guinness Son g Co" компаниясының іргетасын қалайды.

Артур 1761 жылы Оливия Уитмор есімді қызбен шаңырақ көтеріп, 21 сәби сүйеді.

1764 жылы Дублин қаласының солтүстігінен үй салып, өмірінің қалған уақытын сол жерде өткізген.

1803 жылдың қаңтар айында дүниеден өтіп, Озер Ард елдімекеніндегі бақилық болған анасының жанына жерленеді. Ол кезде 21 баласынан 10-ы ғана тірі болатын. Кейіннен 3 баласы әке жолын қуып, сыра қайнатумен айналысады.

Белгілі кәсіпкердің қайда және қашан дүниеге келгені тарихшылар үшін әлі де жабулы күйінде қалуда. "Гиннесс" компаниясы оның 1725 жылы 28 қыркүйекте туғанына сендірсе, өзі жерленген зират басындағы көктаста оның 1803 жылы 23 қаңтарда, 78 жасқа қараған шағында дүниеден өткені жазылған. Яғни, бұл Артур Гиннестің 1724 жылы өмірге келгенін көрсетеді.

Арада ұзақ жылдар өтсе де "Гиннесс" маркалы сыра шығарылуын тоқтатқан жоқ. 1956 жылы осы компанияның басшысы сэр Хью Бивердің тапсырысы бойынша әлемде болып жатқан барлық рекордтар тіркеліп отыратын "Гиннестің рекордтар кітабы" жарыққа шықты.

Қазіргі кезде кітап дүние жүзі бойынша 100 мемлекетте 23 тілде басылып шығады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Пікір