14.07.2014

Нобель Сыйлығын алған қазақ!

Әлемде Альфред ақсақалдың, Нобельді айтам да, атындағы сыйлықты алуды армандамайтын пенде жоқ шығар. Екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бұл бақытқа қолы жеткендер де аса көп емес бүгінде. Дегенмен, бағымызға қарай осынау мәртебелі марапатты иеленген біртуарлар қатары...

 

Ұлтымызға көрсетiлген үлкен құрмет


Өткен жылы Нобель сыйлығының Еуроодаққа берiлуi әлемдiк қауымдастық тарапынан үлкен сынға ұшырады. Саясатшылар бұл сыйлықтың бiр ғана құрылықтың мүддесiн қорғайтын Еуропа қауымдастығына тапсырылуын бiр белдеулi саясат деп қабылдады. Еуроодақтың құрамында 27 ғана елдiң бар екенiн ескерсек, мәселенiң қандай саясатқа негiзделгенiн бағамдауға болады.


Сыйлық Еуроодақтың үш басшысы – Еуропа Комиссиясының төрағасы Жозе Мануэль Баррозу, Еуроодақ Кеңесiнiң төрағасы Херман ван Ромпей және Мартин Шульцке тапсырылды.


Жалпы, халықаралық жағдайды тұрақтандырғаны, бейбiтшiлiктi нығайту iсiне лайықты үлес қосқаны үшiн жеке тұлғалармен қатар ұжымдық ұйымдарға Нобель сыйлығы бұрын да тапсырылған. Ғылым, техника және басқа салалар бойынша бiр мезгiлде, бiрден 8 адамға дейiн осы сыйлыққа ие болған ұжымдар бар. Солардың барлығына «Нобель сыйлығының лауреаты» деген диплом жеке-жеке тапсырылды. Нобель сыйлығы комитетiнiң Құрметтi кiтабына олардың есiмдерi жеке-дара енгiзiлген. Оның Ережесi сондай.


Осыдан бiрнеше жыл бұрын бұл сыйлық МАГАТЭ сияқты әлемдiк халықаралық институтқа берiлген болатын. Сол кезде Нобель сыйлығы комитетiнiң ядролық қаруды тежеудегi МАГАТЭ агенттiгiнiң еңбегiн ескерiп, осы ұйымның Бас директоры Мұхаммед әл-Барадейге және агенттiктiң 10 қызметкерiне Нобель сыйлығын тапсыруы зор қолдауға ие болған-ды. Сол он қызметкердiң арасында бiздiң отандасымыз – қазақ азаматы Достай Раманқұлов та бар болатын. Кезiнде қазақ баспасөзi үзiп-жұлып жазғанмен, осы азамат туралы толыққанды мақала бере алмады. Соның орнын толтырудың кезегi ендi келiп отыр.


Дүние жүзiнде 200-ден астам мемлекет, 2000-нан астам ұлт бар екен. Солардың арасында Нобель сыйлығын алу былай тұрсын, әлемде ықпалы бар жоғары халықаралық ұйымдарда қызмет атқару нәсiбi бұйырмаған елдер де бар. Сондай-ақ, оған бiрде-бiр өкiлiнiң қолы жетпеген ұлттар да жетiп жатыр. Қазiр қазақ ұлтының өкiлдерiн БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, НАТО-ның, НАСА-ның, ШОС-тың мәртебелi мiнберлерiнен көруге болады.


Достай Төлемiшұлы Раманқұлов – МАГАТЭ ұйымының халықаралық кепiлдiк бойынша инспекторы, Нобель сыйлығының тұңғыш лауреаты.


Бүгiнгi таңда МАГАТЭ ұйымына 131 ел мүше. Ұйымның штаттық кестесiнде 2300-дей адам қызмет атқарады. Егер осыншама қызметкердiң арасынан 10 адамның бiрi ретiнде таңдаудың бiздiң жерлесiмiзге түскенiн ескерсек, оны ұлтымызға көрсетiлген үлкен құрмет деп түсiнгенiмiз абзал.


Адамда қабiлет көп, бiрақ, ол әркiмде әртүрлi дамиды. Сондықтан әр адам өзiнiң iшкi қасиет мүмкiндiгiн тауып, соны дамытып, онымен түпкiлiктi айналысуы тиiс. Алдымен бiлiмнен де бұрын өзiңдi танып, қабiлетiңдi бiлуде, сосын соған қарай бiлiм алып, маман болу қажет. Әр адам өз iсiнiң шеберi, маманы болмайынша одан дәнеңе шықпайды. Қолыңнан келмейтiн, бiлмейтiн жұмысқа кiрiсiп, қоғамға зиян, өзiңе рахат әкеле алмайсың. өмiрдiң қай саласын алмайық, адамға керегi алдымен iскерлiк, ал бiлiм соған көмектеседi. Еңбекте өзiңдi бақытты сезiну – алған мамандығың мен бiлiмiңе, өзiңнiң iшкi ұмтылысыңа, қабiлетiңе сай болғанда ғана көрiнедi. Бiздiң жерлесiмiз Достай Раманқұловтың алған бiлiмi мен тәрбиесi барлық талаптарға сай келдi.


Мемлекет, қоғам табысы ұжымдық еңбектен құралады. Әдетте жеке бас байлығын да осы төңiректен табатындар бар. Айтпақшы, Нобель сыйлығы лауреатына тиесiлi қаржының қомақты екенi жасырын емес. Оның жалпы сомасы – 1,3 миллион АҚШ долларын құрайды. МАГАТЭ ұжымына берiлген сыйлықтың 50 пайызы әл-Барадейге тиесiлi болды. Алайда, ол өзiне тиесiлi сыйлықты түгелiмен Мысырдың жетiм балалар үйiне, басқа лауреаттар қалған 50 пайызын толығымен әлемдегi iсiк ауруымен күрес орталығына аударыпты.


Аз ақшаға да үлкен iстер атқаруға болады


Өмiрде кездейсоқтық деген болмайды. Иә, Достай бұл жоғары атаққа өзiнiң адал еңбегiмен жеттi. Адал еңбегi арқылы ғылымның рухы асқақтаған жерде аз ақшаға да үлкен iстер атқаруға болатынын дәлелдеп бердi.


Ол 1960 жылы қасиеттi Түркiстан топырағында қарапайым отбасында дүниеге келдi. Қазақ мектебiнде бiлiм алып, Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық политехникалық университетiн бiтiрдi. Мәскеуде жоғары оқу орнында бiлiмiн жетiлдiрiп, елiмiзде Атом қуаты жөнiнде комитет құрылғанда алғашқылардың бiрi болып қызметке шақырылды. Тәуелсiздiктен кейiн Қазақстанның АҚШ-тағы елшiлiгiнде ғылыми-техникалық кеңесшi болып қызмет атқарды. 1998 жылдан берi МАГАТЭ ұйымында инспектор.


Жалпы, ғылым атаулы өткен мен бүгiннiң бiлiктiлiгiне, тәжiрибесiне негiзделiп жасалады. Бүгiнгi таңда әлемдi елең еткiзген көптеген ғылыми жаңалықтың, тың iзденiстер нәтижесiнiң, негiзiнен, ұжымдық туынды арқылы көрiнiс тауып жатқандығын аңғаруға болады. МАГАТЭ ұйымының бүкiл жұмысы ғылыми зерттеулерге негiзделген. Ядролық нысандарға қатаң бақылау жасайтын халықаралық инспекторларға өз қызмет барысында өте ауыр да қауiптi шараларды жүзеге асыру жүктелген. Адамзатқа зор апат әкелетiн нысандарда апатты жағдай орын алған бойда, ол жерлерге өрт сөндiрушiлерден де бұрын баратындар халықаралық инспекторлар. Бұл жердегi ең қауiптi зерттеу ошағы – «радиацияның» ауаға таралмауы. Ал оның таралып кетуiнен адамзат баласы әлi зардап шегiп отыр. Мәселен, Семей полигоны, Чернобыль апатының зардаптары әлi талай ұрпақтың ұйқысын бұзары анық.


Семей полигонында аймақтағы 1,5 миллионнан астам адамның сырқаты мен қазасы, сондай-ақ, орасан зор территорияны радиоактивтi ластануға душар еткен 450-ден астам ядролық сынақтардың жүргiзiлуi аз ба?


Дүниежүзiлiк қақтығыс басталған жағдайда, үстемдiк танытуға ұмтылған КСРО мен АҚШ-тың және соларға ұқсап, әскери қару-жарақ пен ядролық арсеналдарын сақтау немесе оларды жою мақсатындағы жұмыстарды қатаң бақылау МАГАТЭ инспекторларының жауапкершiлiгiне жүктелген. Кейбiр мемлекеттер бақылау ережелерiнен тайқып, қолда бар қаруларын жерасты шахталарына, ұшыру алаңдарына тықпалауда. Алайда, ядролық қару-жарақтың дүние жүзiне тарап кетуiне жол бермеу – күрделi мәселе күйiнде қалып отыр.


Ядролық сынақтардан қалған улы элементтердiң сәулеленуiнен ондаған ұрпақ зардап шегiп жатыр, оның ұлттық генофондқа орны толмас нұқсан келтiретiнi аян. Осы зардаптарды жою, халықты емдеу, сауықтыру, денсаулығын қалыпқа келтiру, оларды әлеуметтiк жағынан қорғау жөнiнде қажеттi ұсыныстар беру де халықаралық бақылаушылардың қызмет аясына жатады.


Ядролық арсеналдардың қысқаруымен қоса, ядролық қаруға жанталаса тырмысушы елдердiң саны күн өткен сайын көбейе түсуде. Тажал қаруына ие Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания бастаған бес мемлекеттiң қатарына қазiр Пәкiстан, Үндiстан, Иран, Израиль, Солтүстiк Корея, Бразилия, Аргентина енiп отыр. Мұның өзi ядролық қарусыздану, ядролық қару арсеналын қысқарту туралы оптимистiк әңгiме өткiзуге мүмкiндiк бермеуде.


Елбасының «Атом жобасы»


Дүние жүзiнде бұл қару-жарақтан азат Антарктида, Латын Америкасы, Тынық мұхиттың оңтүстiк бөлiгi, Оңтүстiк-Шығыс Азия, Орталық Азия, Африка, Моңғолия, Жаңа Зеландия секiлдi барлығы 100-ден астам мемлекет бар. Қазақстан 2006 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойды. Сөйтiп, елiмiз әлемдiк қоғамдастық алдындағы өз жауапкершiлiгiн түсiне отырып, әлемдегi төртiншi ядролық әлеуетiнен ерiктi түрде бас тартты. Осы арқылы ядролық қару иеленуден бас тартқан мемлекеттердi ынталандыру ретiнде ядролық державаларды БҰҰ бекiткен қауiпсiздiк кепiлдiгiн ұсынуға шақырды. Елiмiздiң ұстанымы бойынша, барлық елдердiң ядролық қаруды таратпау саласындағы мiндеттемелерiне БҰҰ мен МАГАТЭ-нiң құқықтық базасын кеңейтiп, халықаралық бақылауды күшейту қажеттiгiн ұсынуы кеңiнен қолдау тапты.


Ядролық қауiпсiздiк саласындағы қазiргi күрделi ахуал халықаралық келiсiм-шарттарды мейлiнше қатаңдатуды, жауапкершiлiктi күшейтудi талап етуде. 1968 жылғы БҰҰ-ның ядролық қаруды таратпау және қолданбау жөнiндегi келiсiмiн кейiннен 5 ядролық держава ратификациялап, оған 181 мемлекет қол қойды. Алайда, оған Пәкiстан, Үндiстан, Израиль, Бразилия қосылмай қойды. Соңғы кездерi Солтүстiк Корея мен Оңтүстiк Корея арасындағы текетiрес ядролық қаруды сынауға жол ашып отыр. Бүгiнгi таңда қару-жарақ сату көлемi бақылаусыз кеттi. Олар қауiпсiздiк дегендi сылтау етiп, қарулануға бет бұрып барады. МАГАТЭ инспекторларын және ядролық қару мен атом энергетикасын жан-жақты игерудi жолға қойған елдердi айрықша толғандыратын тағы бiр күрделi проблема бар. Ол – атом қаруы мен атом энергетикасы отынының, тiптi, ядролық қалдықтардың өзi бiз «содырлар» деп атап жүрген, өш алушы лаңкестердiң қанды тырнағына iлiнiп кетпеу мәселесi. Қазiр адамзаттың тағдыры көрiнбейтiн атомға тәуелдi болып қалды. Сондықтан ядролық материалдардың контрабандалық жолдарын жою күн тәртiбiнде ерекше тұр. Себебi, статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, әрбiр он жылда ядролық және радиоактивтiк материалдарды сатудың 500-ден астам, плутоний ұрлаудың 10, ядролық қару-жарақ жасауға тiкелей қатысы бар материалдарды контрабандалық әдiспен қолға түсiрудiң 200-ге жуық әрекеттерi тiркеледi екен. Мiне, осы және басқа да қыруар қайшылықтарға толы мәселелердi көптеген елдердiң Үкiметтерi МАГАТЭ арқылы жүзеге асырылатын шаралар тiзбегiне енгiзiп қойған.


Достай Раманқұловтың Нобель сыйлығына ие болуына оның халықаралық қауымдастық мойындаған еңбегiмен бiрге, Қазақстан Президентiнiң атом энергетикасы бойынша ашық жүргiзiп отырған саясаты да тiкелей ықпал еттi деуге болады. Себебi МАГАТЭ-нiң жүргiзiп отырған iс-қимылдарының қазақстандық бағыты бiздiң елiмiздiң сыртқы саясатына сәйкес келедi. Елiмiз Тәуелсiздiкке қол жеткiзген күннен бастап, халықаралық инспекторларға ел аумағындағы ядролық нысандардың барлығын өз көздерiмен аралап көруге рұқсат беруi – МАГАТЭ тарапынан қолдау тапты.


Өткен жылдың тамыз айында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен халықаралық парламенттiк конференцияда сөз сөйлеп, ядролық қаруға сынақ жүргiзуге толық тыйым салатын, соңында ядролық қаруды жоятын жаһандық қоғамдық қолдауға қол жеткiзу мақсатында АТОМ ЖОБАСЫН жариялады. Бұл жоба – ядролық қарусыздануға қол жеткiзудегi және азат әлем құрудағы жаңа бастама.


Қазiр Қазақстан әлем картасындағы iрi уран өндiретiн және өз аумағында ядролық нысандары бола тұра одан бас тартқан ең қауiпсiз аймақ болып саналады.


Херланд – «Жүрек елi» дегендi бiлдiредi


Ал қауiпсiз аймақта өмiр сүру кез-келген адамның асыл арманы. Достай Төлемiшұлы өзi куә болып жүрген ажал аймағындағы халықтардың осындай азат елде тұруын қалайды. Оларға өз Отанын мақтаныш етедi.


Отаншыл болу дегенiмiз – өз елiн, өз қаласын көркейту жолында нақты да күнделiктi iстер атқару, өз отандастары мен жерлестерiне көмек көрсету және қолұшын беру. Осылардың барлығы бiздiң әрқайсысымыздың бойымыздағы отаншылдық сезiмiмiздiң дәрежесiн, шынайы патриоттық сана-сезiмiмiздiң деңгейiн анықтайды. Патриот адам өз Отаным деп есептейтiн аумақ неғұрлым кең болса, ол өз отандастарына соғұрлым көбiрек сүйiспеншiлiк пен қамқорлық көрсетедi. Олай болса, Достай өзiне мiндеттелген тапсырма шеңберiнде бүкiл әлем бойынша қазақстандық патриотизмдi көрсетiп жүр дей аламыз.


Бүгiнгi таңда әлем азаматы атағы бар Достай Раманқұлов Вена қаласында тұрады. Дунай өзенiнiң жағалауында сән-салтанаты жарасқан үйi бар. Жан-жары Әлия екеуi екi ұл өсiрiп отыр. Үлкенi Данияр Вена университетiнде оқыса, кенжесi Дәурен мектепте оқиды. Отбасында қазақша сөйлеп, қазақтың ән-күйi тыңдалады.


Ағылшын қоғамында, жалпы, әлемдiк геосаясатта «херланд» деген ұғым бар. Оның аудармасы «Жүрек елi» дегендi бiлдiредi. Он жылға жуық туған елден жырақта жүрсе де, оның жүрегi туған ел деп соғады. МАГАТЭ ұйымы Достаймен үшiншi рет өз келiсiмiн созып отыр. Көгiлдiр Дунай жағалауында қазақ ұлы – Әлем азаматының әлi қанша жүретiнi бiр Жаратқанға ғана аян.


 

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Пікір