
Көптен бері кездеспеген досымен ойда-жоқта базарда ұшырасты. Қасына әйелін ерткен Ғалымжан саудагерден құрма сатып алып тұр екен. Қолында аузы мұрнынан шыға тыңқиған екі сөмкесі бар. Асанды көргенде сәл аңтарылып қалды да, лезде қуанып ол да құшағын жайып амандаса кетті. Үшеуі қал-жағдай сұрасып қауқылдасып қалды. - Иә, қайдан сөмкелеріңді арқалап? - Оразаға дайындық қой, қонақтарды ауызашарға шақырсақ па деп едік.. - А-а, ауыз бекіткен екенсіңдер ғой. - Иә, өзің ше? - Шынымды айтсам, сол менің ойыма да келмепті. Оның үстіне жұмысбастылық дегендей. - Е-е, мен де басында жұмысыма кедергі келтірер деп қорқақтап едім, сөйтсем оным бекер екен. Жарайды, былай істейік, кездеспегелі көп болды. Жол үсті әңгімелесіп тұрғанымыз жараспас. Сен одан да кешкісін үйге ауызашарға кел. Қонағым бол. Бірақ Асан дереу тартынды: - Мен қайтіп барам? Өзім ораза ұстамай, ораза ұстағандардың тамағын қалай жеймін. Қой, басқа уақытта барайын. - Жоқ,-деп оған Ғалымжан көнер болмады,-қайткенде де келесің, қонағым боласың. Екеуміз күнде кездесе бермейміз,- деп тұрып алды.
Асан амалсыз баратын болып келісті. Бірақ іштей өзін жайсыз сезініп әлек. Қап, ыңғайсыз болмас па екен. Жоқ, үйден тамақтанып барып, ол жерде асқа қол созбай жай ғана отырғаным жөн бе? Бірақ оған досы көне қоя ма? Бірге оқыған, бірге әскерде болған досының мінезі өзіне сыралғы. Шаңырағына бас сұққан адамды қайткенде де көңіліндегідей күтпей жібермейді. Намазға жығылғалы баяғы сырамен сыйлайтын әдетін дереу тастаған. Қап, ойда-жоқта досының үйіне ауызашарға баратыны қызық болды бәрінен. Әне-міне дегенше кеш те таяп, Асан өзіне таныс үйге беттеді. Бірақ әлі де көңілі қобалжулы. Бұрын-соңды ауызашарға барып көрмегендіктен ол жердегі отырысты біртүрлі елестете алар емес. Сыртқы есік ашық тұр. Босағадағы әртүрлі аяқкиімдер келген қонақтардыкі екенін аңғартуда. Есіктен басын сұғар- сұқпас досы бұны ақжарқын пейілмен қуана қарсы алды. Сырт киімін іліп, дереу төргі бөлмеге бастады. Іште төрге қарай созылған кең дастархан көздің жауын алатын не түрлі дәмге толып тұр. Қонақтармен қол алысып амандасып, өзіне көрсетілген орынға отырды. Таныстық басталғанда ең әуелі таңғалғаны келген қонақтардың түрлі мамандық иелері екендігі болды. Бәрі де жұмыстағы кісілер. Төрде отырған жасы үлкен кісі сотта істейтіндігін айтты. Әйелі дәрігер екен. Ал бергі екеуі банкта істейтіндіктерін айтты. Мұғалім, журналист, әкімдікте істейтін қызметкерлер де отырды. Әңгіме ораза жайында өрбіді. Жасы үлкен кісі әңгімесін:- Қазақ «Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол» дейді, өз басым ораза ұстай бастағаныма 3-4-ақ жылдың жүзі болды,- деп бастады. – Апам марқұм менің бала күнімде жазда ораза ұстағаны есімде. Күн ұзақ. Уақыт өте қоймайды. Ораза ұстағанымды ешкімге айтушы болмаңдар деп қоятын. Біз ол кезде ойын баласы болғандықтан ештеңенің байыбына бармаппыз. Кейін білдік, сол кездерде барынша жасырып ораза ұстаған екен ғой жарықтық. Сол кездегі Құдайсыздардың қысымына, күннің ұзақтығына, кәрілігіне қарамастан қысы-жазы оразасын үзбеген сол кісілердің иманы мен шыдамдылығы не деген мықты болған десейші. Біз тек енді-енді ғана бет бұрдық. Қайбір жылы жаңа жыл мен ораза қатар келіп, қылмыс атаулының сол жолы күрт азайғаны есімде. 46
Оның сөзін әйелі іліп әкетті:- Мен отағасына ораза ұстаңыз деп айтып келе жатқалы қашан. Оразаның қасиетін енді-енді ғана өзі сезіп келеді. Көненің білгірлері дәрі ішкенше екі- үш күн ашыққанды жөн көреді екен. Советтік кезде «Ораза, намаз - тоқтықта» деп ысырып сөйлеп мән бермей келдік қой, негізі ораза ұстау үшін тоқ болу міндетті емес. Өмір бойы қара су мен қара құрманы талғажу етіп жұпыны өмір сүрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тоқтықтан ораза ұстады ғой дейсіз бе?! Қайта аурудың көбі асқазанға дамыл бермеуден, тоқтықтан, дұрыс тамақтанбаудан туады. Мәселен, ислам дініндегі тамақтану әдебі қандай керемет! «Ашықпай тұрып дастарханға отырма, аса тойынбастан түрегел», «Тамақтанғанда асқазанды үшке бөліңіздер: ауаға, суға, асқа», «Тамақты сәл суытып, ал суды отырып ішіңіздер» деген Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистері мәдениеттілікпен қоса денсаулық тұрғысынан да өте пайдалы. Пайғамбарымыздың кезінде сырттан Мәдинаға келген бір дәрігер ел ішінен емдерге ауру адам таппай дал болыпты. Сөйтсе сахабаларымыз тамақтанғанда, осы жайттарды берік ұстанады екен. Қазіргі медицина да расымен осыны айтуда. Әңгіменің желісімен мұғалім кісі қажылыққа барғанда құрма жайлы естіген біраз қызықты мәліметтерін айтты. «Жаңа сіз айтып өткен бұл құрманы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақсы көрген. Құрма өзі бірнеше түрге бөлінеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әсіресе «барни» деген ең сапалысын ұнатып, сахабаларын құрма, зәйтүн секілді жеміс ағаштарын егуге, баптап, күтуге шақырған. Осы құрма секілді жемістерді сол кезде адамдар бір-біріне сыйлыққа да жібереді екен. Айша анамыз әркез Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бал шәрбәті мен құрма шырынын жасап берген. Кеудесі яки жүрегі ауырған сахабасын Тайыфтағы дәрігерге жолдап тұрып Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Мәдинадағы «Ажуа» құрмасының жетеуін дәнімен қоса езіп, кеудеңе жақсын, шипасы мол, ол бұны жақсы біледі» деп құрманың емдік қасиетін түсіндірген. Өзі жас құрмамен не сумен ауыз ашқан. Жаңа туылған сәбилердің таңдайына осы құрмадан жағып, дұға жасаған екен. «Кешкі асты тастамаңдар, ештеңе таппасаңдар, тым болмаса бір уыс құрма жеңдер» деп, құрманың тойымдылық қасиетіне де көңіл аудартқан. 47
Құрма ағашы үнемі жасыл түсін сақтап, жемісі, жапырағы, бұтағымен қоса барлық нәрсесі кәдеге асатын болғандықтан, оның берекетін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүминнің берекетіне ұқсатып, мұсылман адам да осы құрма тәрізді маңайына өте пайдалы десе керек». Одан кейінгі әңгімелерде халықтың ұлттық негізге оралуы, рухани тазалық, имандылық, ата-баба дініне құрмет, ауызашар берудің ел ішінде игі дәстүрге айналып келе жатқаны, тағы біраз оң бетбұрыстар сөз етілді. Асан тек құлақ салып тыңдаумен болды. Айтылғандардың барлығы да жанға жағымды, көкейге қонымды-ақ. Мынандай мәнді отырысқа келгеніне іштей қуанды, бұндай жайттарға өзінің бұрын-соңды қалай мән бермей келгеніне таңғалды. Оған отырғандардың уақыт кіргенін күтіп, бір мезгілде дұға оқып құрмамен ауыз ашуы, әр тағамды жаңа қолға алғандай аса бір тәбетпен жеуі, үлкен-кіші демей, лауазымына да қарамастан бір-біріне ізет білдіруі, дастархан үстіндегі дәмді ас пен қатар айтылған тұшымды әңгімелер, үй иелерінің ілтипат-ықыласы, қонақтарын шығарып салып қайта-қайта қимай қоштасқаны - бәрі де ерекше әсер етті. Ораза адамдардың бір-біріне деген бауырластығын арттыратындай. Ораза дастархандағы несібелерге құрметпен қарауды ұқтыратындай. Ораза адам жанын тазартып, керемет рухани ләззат сыйлайтындай! Кетерде мешітте таратылды деп Ғалымжан берген ораза жайлы шағын кітапшаны үйіне жетіп оқығанша асықты. Үйге келісімен ең әуелгі ісі бас алмай жаңағы кітапшаны оқып шығу болды. Оразаның денсаулыққа пайдасы өз алдына, оның Құдай сүйген теңдессіз құлшылық екеніне, сауабының молдығы жайлы көптеген мәліметтерге қанықты. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін көңіліне тоқыған сайын қасиетті Рамазан айының бастапқы күндерін өткізіп алғанына іштей өкінгендей болды, бірақ оразаның қалған сауабынан құр қалғысы келмеді. Жатарда «Иә, Аллам, ертең ораза ұстасам деген ниетімді қабыл ала гөр!» деп күбірлеген күйі ұялы телефонының сағатын мұқият түрде сәресі уақытына қойды...
Комментариев нет:
Отправить комментарий
Пікір